Мұражайы
Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі
Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі – ақынның өмірі мен шығармашылық қызметін көрсетуге арналған тарихи-мәдени мекеме, әдеби-мемориалдық музей. 1984 жылы мамыр айында, Талдықорған қаласында ақынның 90-жылдығына орай ашылды. Музей орналасқан 5 бөлмелі ағаш үй (1880 ж. салынған) архитектуралық ескерткіш болып саналады. Музейдің негізгі мақсаты - ақынның өмірі мен әдеби қызметіне байланысты материалдарды жинау, сақтау және ұсыну. Музей 280,5 шаршы метр аумақты алып жатыр. Музей қорында 6073 ғылыми-көмекші және мұражайлық маңызы бар заттар бар. Музейдің 1-бөлімінде ақынның өскен ортасы, 2-бөлімінде есею жылдары, өсу жолы туралы мағлұматтар жинақталған. 3-бөлім оның жүмыс бөлмесін көрсетуте арналған. 4-бөлімде ақынның шығармашылық мұрасы сақталған. Ал, 5-бөлім оның ізбасарлары мен замандастары туралы сыр шертеді. Музейде сирек кездесетін кітаптар, архив материалдарының көшірмелері, фотосуреттер, құжаттар мен жазушының өзі және отбасы тұтынған кейбір заттар бар. Сондай-ақ Ілиястың тұлғасын бейнелейтін онер туындылары, суреттер мен мүсіндер орын алған. Мұнда жыл сайын 5 мыңға жуық адам келеді. Экспонаттардың саны — 4000.
Экспонаттардың көпшілігі ертерек жиналған. Осында жазушының жеке заттары, баспа станогы, үстел шамы, оның сүйікті музыкалық аспабы – Молықбай қобызы, көзі тірісінде шығарған кітаптар басылымдары, патефон, таяғы, сонымен қатар контрреволюциялық ұлттық ұйымның 1938 жылғы 26 ақпан айындағы өлім жазасы жайындағы үкім туралы құжат көрсетілген.
Музей қорларының негізі Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің шағын музейінен алынған.
Талдықорған қаласында орналасқан І. Жансүгіровтің әдеби музейі ақынның шығармашылығы мен өмірбаянын зерттеу бойынша өзіндік орталық болып табылады.
Ілияс Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейі
Музей облыстық мәдениет комитетінің 1991 жылғы 3 шілдедегі №59 бұйрығымен 1994 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Ақсу ауылында І.Жансүгіровтің туғанына 100 жыл толуына орай ашылған. Музей профилі - кешенді. Музейдің мақсаты – тарихи маңызы бар материалдарды зерттеу, жинақтау, сақтау, өлкенің өткен және бүгінгі күнінің тарихын насихаттау.
Музей аумағы - 280,5 ш.м., Музей экспозициясы жалпы алты бөлімнен және тәуелсіздік бұрышы қойылған кіреберіс бөлмеден тұрады
Музей ғимаратының тарихы сонау Жетісудағы алғашқы білім ошақтарының бірі – Мамания мектебімен сабақтасып жатыр. Бұрынғы Мамания мектебі Қарағаштан көшіріліп әкелініп салынған. Ғимарат талай жылдар бойы мектеп интернаттың кейіннен құрылыс техникумының оқу сыныптары болған. Кейіннен оның музей болып қалыптасуына, жәдігерлердің жинақталуына белгілі мұғалім, алғашқы директоры К.Омаров көп еңбек сіңірген.
Осы музейден Жетісудың атақты ақыны, Алаш зиялыларының бірі – Ілияс Жансүгіровтың өмірі мен шығармашылығына да арнайы бір бөлім берілген. Экспозицияда ақынның өміріне қатысты құжаттар мен фотосуреттер хронология бойынша өрбіп, соңынан оның ізбасарлары – Жетісудың ақын-жазушыларымен аяқталады.