Ескерткіштері
І.Жансүгіров ескерткіші, 1994 жылы Талдықорған қаласында І.Жансүгіров және Тәуелсіздік көшелерінің қиылысқан жеріне, Жетісу мемлекеттік университеті алдындағы алаңға ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында орнатылған. Авторы — ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаушы Төлеген Досмағамбетов. Қоладан құйылған ескерткіште ақынның биік жартастың үстінде, төменгі жақтағы табиғат көрінісіне көз жіберіп, толғанып отырған кейпі бейнеленген. Тұғыр ретінде ескерткіштің астына диам. 8 — 9 метр, биіктігі 1,5 метр екі табиғи тас бірінің үстіне бірі қойылған. Жансүгіров ескерткіші 1995 жылы республикалық дәрежедегі ескерткіштердің есебіне еніп, мемлекет қорғауына алынды.
Жетісу облысы (бұрынғы Алматы), Ақсу ауданы, Ойтоған ауылында 1994 жылы ақын Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойына орай Ойтоған ауылына баратын жол бойындағы Бұрған өзенінің жағалауына орнатылған биік гранит тасқа ақын мүсіні ойылып, арнау өлең жазылған ескерткіш орнатылған.
Қазақ әдебиетінің Құлагері, дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтің ауылында «Бала Ілияс» атты ескерткіш орнатылған. Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінің сыртындағы тоғыз жолдың торабына қойылған «Бала Ілияс» атты қоладан құйылған ескерткіш ұлы ақын есімін ұлықтап, рухына тағзым жасауға қосылған сүбелі еңбек. Авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Дулатов.
2019 жылы Жетісу облысы (бұрынғы Алматы), Ақсу ауданы, Ойтоған ауылында ақын Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толуына орай саябақта ашылған ескерткіш.
2019 жылы ақын Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай ескерткіші өзінің туған жері Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде ашылды. Еңселі ескерткіштің авторы – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, мүсінші Қазбек Дулатов. Биіктігі бес метр, салмағы 18 тонналық алып ескерткішті дайындауға екі жылдан аса уақыт кеткен.
2021 жылы Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы № 30 жалпы орта мектебінің ауласына Ілияс Жансүгіровтың ескерткіші орнатылды.
Астана қаласында 2019 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қазақ әдебиетінің үш арысы Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және Бейімбет Майлинге ескерткіш орнатылды.