Бағланова Роза – әнші, Қазақстанның халық әртісі, туғанына 100 жыл (1922-2011)
1922 жылы Қызылорда облысында туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан Роза Бағланованың әкесі Тәжібай бақуатты кісі болған. Әуелі татар қызы Мәриямға үйленген. Кейін Күндей деген шешесі ер адамға ізін жалғастыратын ұрпақ керек деп, екінші рет Ақкүріш деген қазақ қызын алып береді. Екі әйелі қатар босанып, Мәриямнан Ыдырыс деген ұл, Ақкүріштен Роза дүниеге келді. Аумалы-төкпелі кезеңде Тәжібай отбасы Ташкентке қоныс аударады. Роза Бағланова тетелес бауыры Ыдырыстың әскерге кеткенін ғана біледі. Содан ол хабарсыз кеткен. Оның шығармашылық жолы Ұлы Отан соғысы жылдары басталды. 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. 1947-1949 жж. Абай атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында істейді. 1949 жылы Бухарестте өткен бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты атанды. 1949-1960 жж. Жамбыл атындағы Республикалық филармонияда жұмыс істеді. 1960 жылдан Қазақконцерт солисі. Роза Бағланова сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Р. Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйренеді. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауында тыңдау ләззатына ештеңе тең келмейді.
2011 жылы қаңтардың 8 Алматы қаласында Роза Бағланова қайтыс болды.