16.10.2024
Аксуская районная библиотека
11 қазан күні Қапал ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен аудан бойынша кітапхана қызметкерлері арасында аудандық семинар өтті. Шара барысында аудандық кітапхана библиографы Гүлшат Тұрсынқызы кітапханадағы библиография бөлімінің жұмысын жетілдіру бойынша құнды ақпараттармен бөлісті. Семинар жалғасы ауылдық кітапхана қызметкерлері мен оқырмандардың қатысуымен, қазақ халқының ардақты ұлдарының бірі, жерлесіміз Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай «Мен өзім тауда туып, тасында өстім» атты әдеби сазды кешпен жалғасты. Кеш барысында аудандық кітапхана директорының орынбасары Шолпан Маратқызы барша қауымды құттықтап, өз лебізін білдірді. Әдеби сазды кеш Есболған Жайсаңбаев атындағы орта мектебінің 2 сынып оқушысы Жүрсін Ернұрұлы ақынның «Ағынды менің Ақсуым» өлеңімен бастап, «Жас толқын» қызығушылық клубының мүшелері жыр шашуларын мәнеріне келтіріп орындады. Ғали Орманов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жақия Жайнаргүл ақынға арнау оқып, жыр шумақтарын арнады. Кітапханашы Жайлаухан Айсауле «Әдебиетіміздің әсем шыңының Құлагері» атты 4 бөлімнен тұратын кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Мәдениет үйінің қызметкерлері Қайса Қадыржан, Мұқашев Төлеген ән мен күйден шашу шашты.