26.06.2026
Кербулакская районная библиотека
Әскери қызметшілер мен жастар
Конституция құндылықтарын дәріптеді
Кербұлақ аудандық кітапханасында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Тәуелсіздік құрдастарының қоғамдағы рөлін насихаттауға арналған «Жастар және Конституция: Тәуелсіздік құрдастарының дамуына үлесі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тағылымды шараның басты мақсаты – Тәуелсіздік құрдастарының жетістіктерін кеңінен таныстыру, олардың мемлекет дамуындағы маңызды орнын айқындау және жастар арасындағы конституциялық құндылықтарды дәріптеу болды.
Ауқымды басқосуға «АMANAT» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының консультанты Ермек Асанов, Тәуелсіздік құрдастары, әртүрлі салада табысқа жеткен белсенді жастар, Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінің қызметшілері мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Шара барысында қатысушылар Қазақстанның Ата Заңы – ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығының берік негізі екеніне тоқталып, Конституцияның қоғам өміріндегі маңызы, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Дөңгелек үстелде сөз алған жастар өздерінің білім, мәдениет, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет, әскери сала және қоғамдық жұмыстардағы жетістіктерімен бөлісіп, елдің өсіп-өркедеуіне қосып жүрген үлестері туралы баяндады. Олар Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген буынның елдің жарқын болашағын қалыптастырудағы белсенді күшке айналғанын нақты мысалдармен көрсетті.
Кездесу барысында қатысушылардың пікірінше, Тәуелсіздік құрдастары – тек белгілі бір кезеңде дүниеге келген ұрпақ қана емес, олар жаңа идеялар мен тың бастамалардың иесі, заңға құрметпен қарайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және Отанның дамуына үлес қосуға дайын жасампаз буын. Олардың құқықтық сауаттылығы, азаматтық ұстанымы мен ел тағдырына деген жауапкершілігі қоғамның тұрақты дамуының маңызды кепілі екені айтылды.
Осындай мазмұнды кездесулер жастардың бойында патриоттық рухты нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, әртүрлі сала өкілдерінің басын қосқан бұл алаң тәжірибе алмасуға, өзара ынтымақтастықты дамытуға және жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.