10.11.2026
Сарканская районная библиотека
1 қазан күні Сарқан аудандық кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын насихаттау, оқырман мен қаламгер арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында «Қаламгер әлемі» атты әдеби кездесу кеші өтті. Кештің басты қонағы – ақын, «Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ақсу және Қарасай аудандарының Құрметті азаматы Қуат Әбілұлы Қайранбаев болды.
Әдеби кешке арнайы шақырылған қонақтар қатарында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының директоры Жангелді Немеребай, ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің Жетісу облысындағы меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек, әнші-композитор, Жетісу филармониясының қызметкері Нұржан Ахметбек болды. Кездесу барысында Қуат Қайранбаевтың шығармашылық жолы, ақындық әлемі, әдебиетке қосқан үлесі жайлы кеңінен әңгіме өрбіді. Ақын өз шығармашылығы, өлеңдерінің жазылу тарихы мен өмірлік ұстанымдары туралы сыр бөлісіп, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Кеш қонақтары да ақын шығармашылығына қатысты жылы лебіздерін білдіріп, әдебиет пен өнердің сабақтастығы жөнінде ойларын ортаға салды. Қаламгер әлемі» атты кездесу кеші оқырмандарға тағылымды ой, рухани әсер сыйлаған, әдебиет пен өнерді тоғыстырған мәнді басқосу болды.