Жаңалықтар
Алғаш рет кітапханашылар күні атап өтілді

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан № 833 қаулысымен «24 қазан – КІТАПХАНАШЫЛАР күні» болып бекітілген болатын. Осынау атаулы мерекені Жетісу облысы да назардан тыс қалдырмады.
2023 жылдың 19 қазанында Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесіне орай «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты салтанатты кеш өтті.
Салтанатты кеште «Кітапхана – рухани қазына ордасы» атты бейнеролик көрсетіліп, Жетісу облысының мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы кітапханашыларды құттықтап, құнды қазынамызды көзінің қарашығындай сақтап жүрген кітапханашылардың еңбегіне табыс тіледі.
Кәсіби мерекеге орай 11 кітапханшыға әртүрлі номинациялар бойынша сертификаттар табысталса, 18 кітапханашы ҚР Ұлттық кітапханасының кітапханалық одағы ұсынған «Қазақстанның үздік кітапханашысы» төсбелгісімен, 11 кітапханашы Жетісу облысы әкімінің дипломымен және алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан кәсіподақ ұйымының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Сәуле Ахмадиева 26 кітапханашыға марапатын ұсынды.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Наурыз Қылышбаев, ақын, Жазушылар одағының мүшесі, зейнеткер Әміре Әрін, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Гүлбақыт Қасен, ақын, Жетісу облысы жазушылар одағының төрағасы Жангелді Немеребай, Жазушы, журналист, «Janr» әдеби клубының президенті Есболат Айдабосын және кітапханашы ардагер Бақтылы Жұмабекова арнайы қатысып, кітапханашыларды құттықтады.