Жаңалықтар
Талдықорғанда жазушы, журналист Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романының таныстырылымы өтті

31 қазан күні Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында ел патриоттары мен руханият жанашырларының азаматтық жобасы «Меценат» әдеби сыйлығының тұнғыш жеңімпазы жазушы-публицист Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романының таныстырылымы өтті.
«Күлпет» романы Қазақстанның социализм дәуіріндегі кезеңінен бастап қазіргі күнге дейінгі тарихын басты кейіпкер Әбужан Райысовтың өмірі мен тағдыры арқылы суреттейді. Роман туған жерге деген махаббат пен шынайы патриотизм, қазақ әйелінің адалдығы, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтар арқылы бүкіләлемдік сұрақтарға жауап іздейді.
Шара барысында Шархан Қазығұл туралы «Сөз зергері» атты бейнеролик көрсетіліп, Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым автордың жаңа кітабы «Күлпет» романының тұсауын кесті.
Жазушы Шархан Қазығұлға оқырмандар шығарма желісі бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасты. Кітапхана төріне құрметті қонақ ретінде жайғасқан роман авторы кітапсүйер қауыммен еркін форматта сұхбат құрып, әдеби туындысының жазылу барысын, шығармашылық жолының қызықты сәттерін баяндап берді.
Рухани шараға жиналған қауым авторға ықылас танытып, шығармашылық табыс тіледі.
Шараға Жетісудың ақын-жазушылары мен белгілі зиялы қауым өкілдері Талдықорған қаласындағы мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, студенттер қатысты.