Жаңалықтар
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған байқау өтті

Зағип жандардың компютерлік сауаттылығын арттыру, нүктелі – бедерлі сезіну қабілетін дамыту, ой-өрісін кеңейтуге ат салысу мақсатында Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімі 13 қараша Халықаралық зағиптар күніне орай «Саусақ ұшындағы әлем» атты байқауын өткізді.
Байқау «Брайль қарпінде жазылған мәтінді мәнерлеп оқу», «Дербес компьютерде арнайы бағдарламаларды қолдану», «Суретті саусақ ұшымен сезіну арқылы сипаттау» атты үш турдан тұрды.
Байқауға зағип және нашар көретін 9 азамат қатысты. Соның ішінде 1-ші топ көз мүгедектері: Анатолий Акимов, Шырынгүл Смағұлова, Лариса Борисова, Айгерім Көпбаева, Владимир Байрамов, Қанат Искаков және 2-ші топ көз мүгедектері: Биғайша Уразжанова, Мадина Искакова, Серік Ахметов қатысты.
Сондай-ақ, Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев, Жетісу облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» Қоғамдық бірлестігінің филиал төрағасы Әлікен Дәркенбаев, Жетісу облыстық инклюзивті ақпараттық порталында брайль жүйесінің жетекші маманы Қарлығаш Бекенова, Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Шаяхметова және Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының кітапханашысы Ғалия Ешенова қазылар алқасының қатарында болып, байқауға төрелік етті.
Байқау қорытындысы бойынша:
1. Брайль қарпінде жазылған мәтінді мәнерлеп оқу номинациясының жеңімпазы Шырынгүл Смагулова
2. Дербес компютерде арнайы бағдарламаларды қолдану номинациясының жеңімпазы Биғайша Уразжанова
3. Суретті саусақ ұшымен сезіну арқылы сипаттау номинациясының жеңімпазы Владимир Байрамов атанды.
Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Белсене қатысқан үміткерлерге алғыс хаттар табысталып, байқаудың соңы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің әншілері Айгерім Көпбаева мен Владимир Байрамовтың әнімен аяқталды.
Көз жанарынан айырылса да қоғам өмірінен тысқары қалмайтын зағип жандар өздеріне кітапхананың көп көңіл бөлетінін айтып, алғыстарын білдірді