Жаңалықтар
Кітапханада облыстық байқаулар қорытындыланды

Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдіктің шығармаларын насихаттау барысында «Қазақ прозасының пырағы» атты облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты: Қазақ жазушысы, драматург Төлен Әбдіктің шығармаларын насихаттауда ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларын оқу; оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Байқауға аудан, қала мектеп оқушылары мен колледж студеттері қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды. І-кезеңде қатысушылар жазушының шығармасын таңдай отырып, әңгімеден үзіндіні жатқа айтса, II-кезеңде әділқазылар алқасы мүшелерінің сараптамасынан өткен қатысушыларға жазушы Төлен Әбдіктің өмірі мен шығармашылығынан 10 сұрақтан қойылды.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының мүшелері жеңімпаздарды анықтады. Талдықорған жоғары медициналық колледжінің студенті Айсана Үркімбаева І-дәрежелі дипломмен және «Samsung» ұялы телефонмен марапатталса, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенті Алтынай Әскерханова ІІ-дәрежелі дипломмен және «Samsung» смарт сағатпен марапатталды. Сондай-ақ, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің студенті Арайлым Қайролла ІІІ-дәрежелі дипломмен және «AirPods» сымсыз құқлаққаптармен марапатталды.
Қалған қатысушыларға орталық кітапхана атынан Алғыс хат пен кітаптар табысталды.
Сонымен қатар, жыл басында С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы жыл сайын өтетін «Үздік оқырман-2023» байқауын жариялаған болатын. Байқаудың мақсаты: кітап оқудың маңыздылығын насихаттау, оқуға тарту, кітап құндылығын сезіну, кітапхананың мерейін арттыру және үздік оқырманды анықтау болып табылады.
Байқау шартына сәйкес кітапхананың тұрақты оқырмандары арасынан жеңімпаздар анықталды. Жыл бойы көркем әдебиет пен басқа да салалар бойынша 70-тен астам кітап оқыған Талдықорған қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер, кітапхананың белсенді оқырманы Болат Нұрғожанов «Ең үздік оқырман» деп таңылып, кітапхананың арнайы дипломымен марапатталып, шаңсорғыш табысталды. Сонымен қатар, «Үздік ардагер оқырман» номинациясына жыл бойы көркем әдебиет пен басқа да салалар бойынша 65-тен астам кітап оқыған Өтенай ауылының тұрғыны, зейнеткер, кітапхананың белсенді ардагер оқырманы Болатбек Тойбеков ие болып, арнайы дипломымен марапатталып, микротолқынды пеш табысталды. Келесі «Ең белсенді жас оқырман» номинациясына жыл бойы көркем әдебиет пен басқа да салалар бойынша 50-ден астам кітап оқыған
Талдықорған қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер, кітапхананың белсенді жас оқырманы Жаңыл Нұртаева да арнайы дипломымен марапатталып, смарт сағат табысталды.
Биылғы жылы жазушы,қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай жыл басынан «Жетісу детектив шығармалары» атты Жетісу облысы жастарының шығармашылық байқауын жариялаған болатын. Байқаудың мақсаты: детектив жанрын іргелету, мәртебесін көтеру, дамыту және дарынды Жетісулық жас қаламгерлерді тану, шығармалар жазуға жастардың ынтасын ояту болып табылады.
Әділ-қазылар алқасы мүшелері келіп түскен шығармаларды сараптап, жеңімпаздарын анықтай келе, бірауыздан мазмұнды «Мұзбалақ жеткіншектер» атты жұмыс жазғаны үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-курс студенті Айғанымды Ахунбайдың шығармасын «үздік» деп таныды. Жеңімпаз І дәрежелі дипломмен және 150 000 (жүз елу мың) теңге жүлделі сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, ІІ дәрежелі дипломмен және 100 000 (жүз мың) теңге жүлделі сертификатпен детектив жанрындағы әңгімелері үшін Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің 4-студенті Әйгерім Өміржанова марапатталса, ІІІ дәрежелі дипломмен және 50 000 (елу мың) теңге жүлделі сертификатпен «Адамдық өшпенділіктің құрбандары» атты шығармасымен АҚ «Қазпошта» мекемесінің қызметкері Ақбота Жақсылықова марапатталды.
Детектив жанрын іргелету, мәртебесін көтеру, дамыту және дарынды Жетісулық жас қаламгерлерді тану, шығармалар жазуға жастардың ынтасын ояту мақсатында Әмина Ақмажанова мен Балнұр Отарбай Алғыс хатпен және 20 000 (жиырма мың) теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Қанатханқызы әділқазылар алқасына алғыс айта отырып, аталмыш байқауларға арнайы келген қатысушыларға ризашылығын білдірді.