Жаңалықтар
«БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БӘЙТЕРЕГІ»

2023 жылдың 26 қаңтарында Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты дөңгелек үстел өтті.
Бердібек Соқпақбаев әлем таныған жазушы. Балалар әдебиетін Хантәңіріндей биікке көтерген қаламгер. Бүгін ХХI ғасырда кітаптары сөреден таптырмаса да, жүректерде жатталып қалған Бердібек Соқпақбаев бақытты жазушы. Халық сүйген, қалың оқырманы бағасын беріп, құрметпен мәңгі есінде сақтаған жазушы.
Шара барысында «Балалар әдебиетінің бағбаны» атты кітап көрмесі таныстырылып, кітапхана қорындағы сирек кітаптар да ұсынылды. «Бердібек Соқпақбаев және балалар әдебиеті» атты бейнеролик және «Менің атым Қожа» көркем фильмінен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, кездесу кешінде Еңбек ауылдық №22 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Оспанова Мақпал сөз сөйлеп, оқушыларға балалар әдебиетінің атасы туралы айтып өтті. Осы мектептің 7 сынып оқушылар да қаламгер шығармашылығына терең бойлап, өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, «Innoverse» мектебінің оқушылары Медетбекова Зере, Тұрсынбек Шыңғыснұр, Ақиқатқызы Айсымбат, Батырхан Слямхан, Асан Абзал қатысып, жазушының әртүрлі шығармаларын талдады.
Шара соңында кітапханашы Ерден Нұрахмет балалар әдебиетінің атасы Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары мәңгі екенін айтып, шараны қортындылады.