Жаңалықтар
«Халық жүрегіндегі қаһарман»

Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты еске алу кеші өтті.
Шара басында «Ердің ері» атты кітап көрмесі таныстырылып, «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» атты С.Нұрмағамбетовтың өмір жолы, ұмытылмас батырлығы, қазақ халқына сіңірген еңбегі туралы бейнесюжет көрсетілді.
Еске алу кешіне Талдықорған қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқарма қызметкерлері, Жетісу облысы Қарулы күштерінің, Ауған соғысының ардагерлері, Талдықорған қаласының №54380 әскери бөлімінің қызметшілері, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ Әскери кафедра оқытушылары мен курсанттары қатысты.
Шара барысында Жетісу облысы Қарулы Күштері ардагерлерінің төрағасы Рахым Кербағақов С.Нұрмағамбетовпен тікелей қарым-қатынаста болған кездегі кейбір қырларына кеңірек тоқталып, оның ерлігі мен табандылығын тереңнен толғауға тырысты. Сондай-ақ, Жетісу облысы Қарулы Күштері ардагерлері Ринат Ахметов және Ауған соғысының ардагері Өмірсерік Сүлейменов сөз сөйлеп, Кеңес одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолы, ұмытылмас батырлығы, қазақ халқына сіңірген еңбегін туралы сөз қозғады.
Сонымен қатар, Талдықорған қаласының №54380 әскери бөлімі командирінің орынбасары Асхат Оспанов С.Нұрмағамбетовтың Қарулы күштерді құруға, оны қалыптастыруға және дамытуға зор үлес қосып, әскерді жаңа жетістіктерге жеткізгені туралы айтса, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-нің Әскери кафедра оқытушысы Жанат Мұқатаев дүниеден өткенше әскери салаға өмірін арнаған ұлт мақтанышы С.Нұрмағамбетовтың ерлігі және батырлығымен қазақстандық әскери қызметшілердің мыңдаған ұрпағы тәрбиеленуде екенін, қазіргі таңдағы курсанттардың әскери дайындығы туралы мәлімдеді.
Шара соңында Талдықорған қаласының №54380 әскери бөлім қызметкерлері Ботакөз Құдайберген мен Айдар Оралбайұлы «Жаса Қазағым», «Қазақстан» атты патриоттық әндер орындап, жастардың жігерін жани түсіп, патриоттық сезімін оятты.