Жаңалықтар
Ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай «Ілияс Жансүгіров және ұлттық рухани құндылықтар» кітап фестивалі өтті

Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай ақынның өшпес мол мұраларын насихаттау мақсатында зиялы қауым, ілиястанушылар, студент жастардың қатысуымен «Ілияс Жансүгіров және ұлттық рухани құндылықтар» тақырыбында кітап фестивалі өтті.
Фестиваль барысында «Ілияс – қазақ құлагері» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайынан ақынның қолданған заттарынан жылжымалы көрме қойылып, шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берілді.
Фестивальді Алаштанушы, «Qyr balasy» білім, ғылым қоғамдық қорының құрылтайшысы Ертай Біләл жүргізіп, арнайы ақын мұраларын зерттеп-зерделеп жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Имангазиновтың «Ұлттық құндылықтарының маңыздылығы», философия докторы, ілиястанушы, жазушы Елдос Тоқтарбайдың «Ілиястанудың кейбір мәселелері», ақын, жазушы, өлкетанушы, ілиястанушы, ғылым магистрі Қажет Аңдастың «Қазақ әдебиетінің нар тұлғасы» және Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінің директоры Нұргүл Қызырбекқызы Жауынбаеваның «Ақын мұрасының ұрпақ үшін құндылығы» тақырыбында баяндамалары тыңдалып, естеліктер айтылып, жас ақындардың арнаулары оқылды.
Шара барысында Елдос Тоқтарбайдың құрастыруымен Ілияс Жансүгіровтың бұрын жарияланбаған шығармалары топтастырылған «Беташар» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шара соңында Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртістері ақынның әйгілі «Ағынды менің Ақсуым» өлеңін мәнерлеп оқып, өнердің тереңдігі мен өлең құдіретілігін танытты. Фестиваль қонақтарына ақынның сөзіне жазылған «Шилі өзен қамыс-ай» әнін дәстүрлі әнші, «Серпер» сыйлығының лауреаты Төлеутай Серіков шебер орындап, шараға қатысушыларды әсерлі күйге бөледі.
Бұл кітап фестивалі он күн бойы облыс кітапханаларында жалғасын табады.