Жаңалықтар
«Мұстафа Шоқай – түркі жұртының ұлы перзенті» атты ақпараттық сағаты өтті

Қоғам қайраткері, тәуелсіз және біртұтас Түркістанның идеологы Мұстафа Шоқайдың туылғанына 135 жыл толуына орай зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана бөлімінде «Мұстафа Шоқай – түркі жұртының ұлы перзенті» атты ақпараттық сағат ұйымдастырылды.
Іс-шараны кітапханашы Рауан Нұрланов жүргізіп, ол қатысушыларды Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған арнайы дайындалған материалдармен таныстырды. Шара барысында Мұстафа Шоқайдың Түркістан мұхтариятының жетекшісі ретінде атқарған рөлі мен шетелдегі қоғамдық-саяси қызметіне қатысты тың деректер айтылды.
Әсіресе, Мұстафа Шоқайдың шетелде шығарып отырған «Яш Түркістан» журналы арқылы түркі халықтарының мәдениеті мен тәуелсіздігін қорғау жолындағы еңбектері ерекше назарға алынды. Қатысушылар үшін оның шығармалары мен ол туралы жазылған әдебиеттерден үзінділер оқылды. Сонымен қатар бөлімнің арнайы техникалық құрылғысы Sara-se дауыстап оқитын машинкасының көмегімен мәтіндерді тыңдау мүмкіндігі ұсынылды.