Жаңалықтар
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы Нұрилә Бектемірованың 75 жасқа толуына орай «Жан дүниенің жарқын әлемі» атты кездесу кеші өтті.

15 ақпан күні Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан жазушылар, журналистер одағының мүшесі, жазушы Нұрилә Бектемірованың 75 жасқа толуына орай «Жан дүниенің жарқын әлемі» атты кездесу кеші өтті.
Шара барысында Нұрилә Бектемірованың өмірі жайлы «Шығармашылықтың дара жолы» атты бейнеролик таныстырылды.
Шараға Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов, журналист,Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым, Көксу аудандық әкімі аппаратының жетекшісі Жанар Кубеева мен Еңбек ардагері, ұстаз Аңсабала Балабекова және Жетісулық ақын-жазушылар қатыстып, жылы лебіздерін білдірді.
Шарада Нұрилә Бектемірованың «Өмірдің өзгермейтін жұмбағы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсіміне Журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов пен Қаратал ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымғали Өтегенов және Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай атқарды.
Шара барысында Нұрилә Бектемірованың өмірі мен шығармашылығы туралы терең ойлар мен естеліктер айтылып, оның әдеби әлемдегі орны мен маңызы туралы пікір алмасылды. Ақынның туындыларына деген құрмет пен сүйіспеншілік, оның әдебиетке қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
Кеште Нұрилә Бектемірованың сөзіне, Серікжамал Әжібекованың әніне жазылған әндер де орындалды. Атап айтқанда, Көксу ауданының дәстүрлі әншісі Сәбинұр Қаһарманның орындауында «Қалқа ақын жасасын» әні, Көксу ауданының әншісі Еділ Исағұлов «Қабан жырау бабамыз» әні және де республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Аяна Берікқызының орындауында «Адам деген бар атым» әнінің тұсаукесері өтті.
Бұл кеш — ақынның шығармашылығына деген құрмет пен сүйіспеншілікті көрсететін ерекше әрі жарқын сәт болды. Нұрилә апамыздың әдеби мұрасын насихаттап, оның әдебиет саласындағы биік белестерін жаңа буынға танытуға зор мүмкіндік берді.