Жаңалықтар

«Сезім мүшелері арқылы әлемді тану» атты инклюзивті тренинг

«Сезім мүшелері арқылы әлемді тану» атты инклюзивті тренинг
Уақыты: 11.04.2025
Оқылды: 5

Сервис және технология колледжінің жатақханасында ерекше форматтағы инклюзивті тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараны «A&A: IT-services & Education» ұйымы мен Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінің кітапханашылары бірлесе өткізді.

Тренингке колледж студенттері белсене қатысып, көру қабілеті шектеулі жандардың әлемді қалай сезінетінін түсінуге мүмкіндік алды.

Іс-шараның басты мақсаты – қатысушыларға сезім мүшелері арқылы ақпаратты қабылдаудың маңыздылығын көрсету, көру қабілеті шектеулі жандардың әлемді қалай қабылдайтынын түсіндіру және эмпатияны дамыту.

Тренинг үш кезеңнен тұрды:

1-кезең: Суреттегі екі бейнені табу

Қатысушыларға көру арқылы берілген суреттерден жасырын бейнелерді табу тапсырылды. Бұл кезең зейін мен байқағыштықты арттыруға бағытталды.

2-кезең: Дыбыстарды тыңдап, есте сақтау

Түрлі дыбыстарды тыңдау арқылы олардың айырмашылықтарын анықтау, әрі сол дыбыстарды есте сақтап, қойылған сұрақтарға жауап беру талап етілді. Бұл есте сақтау мен есту қабілетін дамытуға көмектесті.

3-кезең: Саусақ ұшымен сезу арқылы тану

Қатысушылар көзін жұмып, тек қолдың ұшы арқылы арнайы дайындалған тактильді (рельефті) суреттерді анықтауға тырысты. Бұл тапсырма сезу қабілетін дамытып, тактильді танудың мүмкіндігін көрсетті.

Іс-шара соңында қатысушылар терең әсер алып, көру мүмкіндігі шектеулі жандардың әлемін жүрекпен түсінуге тырысты. Осындай тренингтер қоғамда мейірімділік пен түсіністік орнатуға жол ашады.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025.
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Яндекс.Метрика