Жаңалықтар
23 сәуір – «Ұлттық кітап күніне» орай «Кітап – мәңгілік мұра» атты кітап апталығының ашылу салтанаты өтті.

«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Бұл Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының сөзі. Ол Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстан Республикасында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, елімізде атаулы күндердің тізбесі тағы бір мерекемен толықты. Яғни, 23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» болып белгіленді.
Осыған орай 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай 16-23 сәуір күндері аралығында кітап апталығын өткізу шараларының жоспары әзірленіп, 16 сәуірде ашылу мерекесі өтті.
Шараны Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының директоры Самал Шаяхметова құттықтау сөзімен ашып, ұлттың рухани тірегі – кітап екенін және бүгінгі шара сол құндылықты насихаттау жолындағы маңызды қадам екенін айтып өтті.
Сондай-ақ жазушы, журналист, Жетісу «Janr» әдеби клубының президенті Есболат Айдабосын және облыстың ақын-жазушылары сөз сөйлеп, кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі екенін айта кетіп, өздерінің өлең-жырларынан үзінділер оқыды.
Аталмыш шарада ең көп оқылатын және танымал кітаптардан құралған «Кітап-дефиле» ұйымдастырылды.
Шара соңында Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі Құралай Шаяхметова домбырамен қазақ әндерді орындап, қатысушыларға дәстүрлі музыканың ерекше атмосферасын сыйлады.
Мерекелік шараға жас ақын-жазушылар, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Кітапхана фойесінде биылғы жылдың өлкелік мерейтой иелеріне арналған «Жетісу өңірінің әдеби шыңдары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жүргізілді. Сондай-ақ «Марфу-пресс», «Мазмұндама», «Арнау принт» баспаларының кітап жәрменкесі өтті.