Жаңалықтар
«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында салтанатты шара өтті

2025 жылғы 17 сәуір күні Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Панфилов ауданының құрметті азаматы Бұлдыбай Анарбай Сағиұлының қатысуымен «Кітапханаға кітап сыйла» атты игі бастама аясында кітапхана қорына кітаптарды сыйға тарту салтанатты шарасы өткізілді.
Шараның мақсаты – қоғамда кітап оқуды насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және кітапхана қорын жаңа басылымдармен толықтыру болып табылады. Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы кітапхана қорына өзінің ғылыми және көркем шығармаларын, сондай-ақ бірқатар құнды әдебиеттерді тарту етті.
Салтанатты іс-шараға әдебиет және мәдениет саласының көрнекті өкілдері қатысты. Атап айтқанда, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әли Ысқабай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы Нұрила Бектемірова, балалар жазушысы, Көксу ауданының құрметті азаматы Жұмабала Балақаранова, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар кітаптың қоғамдағы рөлі, жас буынның әдебиетке деген қызығушылығы, қазіргі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары төңірегінде пікір алмасып, шығармашылық және мәдени мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.
«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында өткізілген бұл шара – рухани мұраны насихаттауға, кітап оқуды қолдауға және ұлт мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.