Жаңалықтар
Кешкі кітапхана жобасы аясында «Жұмысшылар мамандықтар жылына» орай «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты шара өтті.

23 сәуір – Ұлттық кітап күніне, сондай-ақ 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай, 18 сәуір күні Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада «Кешкі кітапхана» жобасы аясында «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты шара өтті.
Аталған кеш – елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарына арналды. Себебі еңбек – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Адал еңбек арқылы адам тек жеке армандарына ғана қол жеткізіп қоймай, елінің өсіп-өркендеуіне де өзіндік үлесін қосады.
Іс-шара барысында «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені кітапханашы Тұрсынханова Ажар таныстырып, көрмеге қойылған кітаптар мен басылымдар жайлы мазмұнды ақпарат берді.
Шара барысында «Көңілді күн, мықты ұжым» атты бейнеролик көрсетіліп, онда түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандардың күнделікті жұмысы мен жетістіктері көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен қатар кешке әр саладан арнайы шақырылған еңбек майталмандары қатысып, өз мамандықтарының маңыздылығы, еңбек жолындағы қызықты сәттер мен жетістіктері жайында әңгімеледі. Жас буынға үлгі болатын бұл кездесуде көпшілік еңбек адамының қадір-қасиетін терең ұғынды.
Шара соңында қатысушылар арасында интеллектуалды ойын ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қонақтар мен оқырмандар марапатталды.
Шараға «Айша» тігін фабрикасының кадр бөлімінің маманы Қаламбекова Мөлдір, ТОО Қайнар инженері Тулеубеков Арман, кондитер Темірбекова Жазиля, жиһаз құрастырушы шебер Партияхан Өміртай және де Талдықорған сервис және технологиялар колледжі,Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжі студенттері қатысты.
Бұл кеш – еңбек адамдарына деген құрметтің бір көрінісі ғана. Қоғамның қозғаушы күші саналатын әрбір маман иесінің ерен еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайтыны тағы бір мәрте дәлелденді.