Жаңалықтар
1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай «Балалар – әлемнің жарығы» атты іс-шара өтті.

1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Балалар - әлемнің жарығы» атты іс-шара өтті.
Аталған іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлігі Жетісу облысының «Бәйтерек» күндіз болу орталығында өтті. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы дайындалған, көңілді де мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Шара аясында №12 орта мектеп гимназиясының 3 сынып оқушысы Есетай Димаштың орындауында әуезді ән шырқалып, «Plombir» аниматорлар орталығы балаларға әртүрлі ойындар арқылы жақсы көңіл-күй сыйлады. Шараның басты демеушілері меценат, жеке кәсіпкер Найманбаев Болатбек Жанаділұлы және Республика партиясының қолдауы ерекше аталып, балаларға сапалы сыйлықтар тарту етілді.
Бұл мәдени іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың көңіл-күйін көтеру, олардың қоғамдағы орнын сезіндіру, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру және достық пен мейірімділік атмосферасын қалыптастыру. Сонымен қатар, ата-аналар мен тәрбиешілердің назарын инклюзивті тәрбиенің маңыздылығына аудару.
Екінші бөлігі Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада жалғасын тапты. Мерекелік шара №28 мектеп оқушылары Зайтбек Нұрасыл мен Абилова Айлин орындауында «Кел досым кітапханаға» әнімен басталды.
Шара барысында балалар жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әли Әпекұлы Ысқабай және балалар жазушы, Көксу ауданының құрметті азаматы Жұмабала Балақаранова балаларды мерекесімен құттықтап, ізгі тілектектерін білдіріп, болашақтарына сәттілік тіледі.
Мерекелік шарада балалардың көңілін көтеріп, олардың шығармашылығын дамытуға бағытталған түрлі мәдени және ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылды. Шара барысында әсем әндер шырқалып, көңілді билер биленді. Балалардың белсенділігін арттыру мақсатында «Мультфильмдегі менің сүйікті кейіпкерім» атты пазл құрастыру ойыны, «Үйшіктегі стакан», «Саусақ ұшындағы әлем», «Сандар сөйлейді» сынды қызықты әрі тапқырлықты қажет ететін командалық ойындар ойнатылды.
Сонымен қатар, кішкентай қылқалам шеберлерінің қатысуымен сурет сайысы өткізіліп, балалар өз қиялындағы түрлі образдарды қағаз бетіне түсірді. Барлық ойындарға белсене қатысқан балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, тәттілер мен естелік сыйлар үлестірілді. Мерекеге келген әрбір бала шаттық пен қуанышқа бөленіп, шынайы мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Шараға Жетісу облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері және мектеп оқушылары қатысып, тамаша әсер алды.