Жаңалықтар
Қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы, әдебиет зерттеушісі және сыншысы Жан Ақжановтың «Последние солдаты» атты кітабының онлайн таныстырылымы өтті

5 маусым күні Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы, әдебиет зерттеушісі және сыншысы Жан Ақжановпен онлайн форматта кітап талқылау шарасы өтті.
Жан Ақжанов — қазақ әдебиетінің танымал тұлғаларының бірі. Ол өзінің зерттеушілік еңбектерімен қатар, көркем прозада да терең ойлы, өзекті тақырыптарды қозғауымен ерекшеленеді. Оның «Последние солдаты» атты көркем туындысы қазіргі қазақ әдебиетінде соғыс пен адам тағдыры, тарихи жад пен рухани ізденіс мәселелерін терең қозғайтын маңызды шығармалардың бірі болып саналады. Бұл кітапта автор адам жанының терең иірімдерін, соғыс зардабын, рухани күйзеліс пен үміт арасындағы тартысты шебер суреттейді.
Онлайн кітап талқылауы барысында қалалық, аудандық кітапхана қызметкерлері белсенді түрде қатысып, авторға түрлі сұрақтар қойып, шығармадағы кейіпкерлердің прототиптері, олардың мінездік ерекшеліктері, туындының жазылу тарихы, шығармашылық шабыт көзі мен жалпы қазіргі қазақ әдебиетінің бағыттары туралы кеңінен пікір алмасты.
Жан Ақжанов соғыс тақырыбына неге бет бұрғанын, оның қазіргі қоғам үшін маңызын, соғысқа қатысқан қарапайым адамдардың ерлігі мен олардың рухани күйзелістерін жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, оқырмандармен әдебиетті оқу мәдениеті, жас ұрпаққа кітап оқудың тәрбиелік мәні жөнінде де ашық әңгіме өрбітті.
Кездесу оқырмандарға ерекше әсер қалдырды. Қатысушылар өз әсерлерін бөлісіп, мұндай кездесулер әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттырып, кітап оқуға деген қызығушылықты оятатынын айтты. Бұл шара Жетісу облысындағы мәдени-ағартушылық бағыттағы жұмыстың сапалы әрі мазмұнды жүзеге асып жатқанын көрсетті.