Жаңалықтар
Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімі қазақтың ұлы ойшылы, ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай – ұлы ақын» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлт руханиятының шамшырағы болған Абай мұрасын кеңінен насихаттау, оның даналыққа толы шығармалары арқылы оқырман жүрегіне жол табу. Жиын барысында қатысушылар Абай шығармашылығы мен өмір жолы жайлы мол мағлұмат алып, ақынның сөз құдіретіне терең бойлады.
Сонымен қатар, шара аясында «Абай жүректерде» атты тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның өлеңдер жинақтары, қара сөздері, таңдаулы шығармалары мен Абай туралы жазылған зерттеу еңбектер қойылып, келушілер назарына ұсынылды. Бұл көрме қатысушыларға дана ойшылдың рухани әлеміне үңілуге мүмкіндік берді.