Жаңалықтар

«Карнавалды Кітапхана түні - 2025» мерекелік кеші өтті

«Карнавалды Кітапхана түні - 2025» мерекелік кеші өтті
Уақыты: 26.12.2025
Оқылды: 76

Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өнер мен әдебиеттің тоғысқан, жаңа жылдық шаттыққа толы «Карнавалды кітапхана түні – 2025» атты мерекелік кеш жоғары деңгейде өтті.

            Мерекелік шара әдебиет пен өнерді қадірлейтін көпшілікке арналған мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді. Кеш шымылдығы «Назар серілер» тобының орындауындағы «Қазақтың арланымыз» әнімен ашылып, көрермендерге ерекше рух пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

            Іс-шара барысында қонақтар өнер шеберлерінің тағылымды туындыларын тамашалап, XIX ғасырдағы ағылшын әдебиетінің әйгілі кейіпкерлері бейнеленген «Әдеби карнавал: кітаптар дефилесі» атты көркем қойылымға куә болды. Сондай-ақ «Мизам» әдебиет мектебінің жетекшісі Мұхтар Күмісбекпен және мектептің үздік шәкірттерімен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. «Ғажап сезім: кітап пен поэзия» айдарымен өткен поэзиялық бөлімде жас ақындар өздерінің ең таңдаулы өлеңдерін оқыды. Бұл поэзиялық кешке өңіріміздің танымал қаламгерлері – қазақ жырының туын биік көтеріп жүрген Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Немеребай Жангелді, жазушы, журналист, «Janr» әдеби клубының президенті Айдобосын Есболат, ақын Нұрмұхан Азамат және өзге де жас ақындар қатысып, тыңдармандарды терең ой мен асқақ шабытқа бөледі. Сонымен қатар, «Желідегі тұлғалар: кітапқа көзқарас» тақырыбында блогерлер Ерасыл Қуанышбек ,Нұрлыбек Аубакиров пен Салтанат Спандиярованың қатысуымен ашық микрофон ұйымдастырылып, кітаптың бүгінгі қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. «Тапқырлар әлемі» айдары аясында кітапқа байланысты сұрақ-жауап ойындары өткізіліп, қатысушылардың білім мен зердесі сыналды.

            Кеш барысында «Тапқырлар әлемі» интеллектуалды ойыны, «Logic Rush» логикалық сайысы және ерекше форматтағы әдеби пикник көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Әрбір қонақ өнер мен білімнің үйлескен әсерлі сәттерін сезініп, жаңа жылға ерекше шабытпен қадам басты.

            Мерекелік кештің сәнін Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының талантты әншісі Шолпан Мойтапованың орындауындағы «Жаңа жыл» әні кіргізсе, «Бриллиант шоу» би тобының «Ақшақар» биі кеш көркін айшықтай түсті.

             «Карнавалды кітапхана түні – 2025» жаңа жылдық ғажайып пен әдебиет әлеміне саяхаттың жарасымды үйлесімін тапқан, мазмұны бай әрі әсерлі мәдени шара болды.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026.
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Яндекс.Метрика